AI Olymp 2026

Спорттық бағдарламалау федерациясы Astana IT University алаңында 9–12 сынып оқушылары арасында өткен республикалық жасанды интеллект олимпиадасы — AI Olymp финалын өткізді.

Олимпиада екі жыл қатарынан еліміздегі жасанды интеллект және спорттық бағдарламалау салаларында дарынды оқушыларды анықтап, дамытуға арналған негізгі ұлттық алаңға айналып келеді.

Биыл жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен оқушылар қатысты : алғашқы кезеңде ауқымды онлайн іріктеу өтіп, оның қорытындысы бойынша финалға 40 үздік оқушы шықты. Екі турдың нәтижесінде жеңімпаздар анықталып, I, II және III дәрежелі дипломдармен және медальдармен марапатталды.

Республикалық финал қорытындысы бойынша 12 оқушы оқу-жаттығу жиындарына шақырту алды. Осы жиын нәтижесінде іріктелген 8 үздік оқушы Қазақстанның ұлттық құрамасына еніп, 2026 жылғы 2–8 тамыз аралығында Астанада өтетін Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасында — IOAI 2026 еліміздің намысын қорғайды. Бұл ауқымды шараға әлемнің 100-ден астам елінен 400-ге жуық қатысушы келеді деп күтілуде.

Олимпиаданың серіктесі — Documentolog компаниясы.

16.04.2026