AlgoBatyr 2026 Winners!

AlgoBatyr 2026 жеңімпаздары! 🏆

2–3 қазанда Астанада AI MONTH аясындағы айдың басты іс-шарасы — AI & Digital Bridge 2026 форумы өтті. Форум барысында жасанды интеллект көмегімен алгоритмдік есептерді шешуге арналған AlgoBatyr чемпионаты ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылары: Қазақстан спорттық бағдарламалау федерациясы және Astana Hub.

💰 Чемпионаттың жүлде қоры 1 000 000 теңгені құрады.

AlgoBatyr 2026 жеңімпаздары:

🥇 1-орын, 500 000 теңге — Расул Айсаев, Maqsut Narikbayev University
🥈 2-орын, 300 000 теңге — Алишер Бейсембеков, «DAMQOR» ЖШС
🥉 3-орын, 200 000 теңге — Nurbakhyt Sembay, Magnum E-Commerce

🏆 AlgoBatyr Cup корпоративтік кубогының иегері — Maqsut Narikbayev University

«Жалпы, сіздердің біліктілігіңіз бен жетістіктеріңіз — тек өздеріңіздің ғана емес, бүкіл Қазақстанның абыройы мен мақтанышы. Өйткені спорттық бағдарламалауды дамыту болсын, жасанды интеллект саласын ілгерілету болсын — мұның бәрі тек жекелеген ұйымдарға емес, әрбір қазақстандықтың белсенді қатысуына байланысты.

Сондықтан сіздердің осындай жарыстарға қатысуларыңыздың өзі үлкен мәртебе әрі зор үлес. Сіздерге белсенділіктеріңіз бен талпыныстарыңыз үшін үлкен алғыс білдіремін.», — деп атап өтті Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының басшысы Бағдат Мусин.

Компаниялар үшін мұндай жарысқа қатысу — қызметкерлердің есептерді шешу кезінде жасанды интеллектті қалай қолданатынын бағалау және команда ішінде қандай дағдыларды дамыту қажет екенін анықтау мүмкіндігі. Есептің шартын нақты қою, модельдің жауабын сыни тұрғыдан бағалау және ресурстарды үнемді пайдалану әзірлеушілердің күнделікті жұмысында да практикалық маңызға ие.

AlgoBatyr жарыс форматы мен заманауи әзірлеу құралдарын біріктіріп, маманның жасанды интеллектке дұрыс бағыт беру және алынған нәтижені бағалау қабілетін басты назарға шығарды.

Барлық қатысушыларға мықты ойын үшін рақмет! Жаңа жеңістер тілейміз 🚀

06.10.2026
AlgoBatyr 2026 — Қазақстанда алғаш рет Vibe Coding бойынша жарыс өтеді!

2 қазанда Астанада AI&Digital Bridge 2026 форумы аясында AlgoBatyr 2026 — Қазақстандағы корпоративтік IT-мамандарға арналған алғашқы Vibe Coding чемпионаты өтеді.

AlgoBatyr — үлкен тілдік модельдерді (LLM) пайдалана отырып, алгоритмдік есептерді шешуге арналған жарыс. Классикалық спорттық бағдарламалаудан айырмашылығы, мұнда синтаксисті білу емес, жасанды интеллектке тапсырманы дұрыс қоя білу, тиімді промпт құрастыру және оңтайлы шешімге қол жеткізу қабілеті шешуші рөл атқарады.

Чемпионатқа 16 командадан 32 қатысушы — әр компаниядан екі өкіл қатысады. Жарыс офлайн форматта Double Elimination жүйесі бойынша өтеді, қатысушылар бір-бірімен жекелей дуэльдерде сынға түседі.

Жүлде қоры — 1 000 000 теңге

Өкілдері ең үздік нәтиже көрсеткен компания AlgoBatyr Cup корпоративтік кубогының иегері атанады.

Кімдер қатыса алады?

Чемпионатқа 22 жастан асқан қазақстандық компаниялардың IT-мамандары шақырылады. Қатысушылар соңғы бес жыл ішінде спорттық бағдарламалау бойынша кәсіби жарыстарға қатыспаған болуы тиіс.

Қалай тіркелуге болады?

Қатысу үшін, егер қатысушының аккаунты әлі болмаса, cpfed.kz платформасында тіркелу қажет.

Компанияның екі өкілінің де платформада жеке аккаунты болуы тиіс. Одан кейін AlgoBatyr 2026 тіркеу формасын толтырып, қатысушылар бір-бірінің логиндерін көрсетуі қажет.

AlgoBatyr 2026-ға тіркелу

Чемпионат өтетін күн: 2 қазан 2026 жыл
Марапаттау рәсімі: 3 қазан 2026 жыл

11.09.2026
Қазақстанда жаңа ICPC 2026-2027 маусымы басталуда !

📢 Қазақстанда жаңа ICPC 2026-2027 маусымы басталуда !

📝 Тіркелу ашық және сілтеме бойынша қолжетімді : link
📄 Ұйымды тіркеу бойынша нұсқаулық : reg.instruction
Дедлайн : 15 қазан 10:00
Қатысу ережелері : rules

📅 Іріктеу кезеңінің кестесі (оффлайн форматта, жергілікті ЖОО-да) :

  1. 1/8 ICPC (сынақ тур) - 17 қазан 12:00-14:00
  2. 1/8 ICPC (негізгі тур) – 18 қазан 12:00-17:00
10.09.2026
CPFED Kaspi.kz DIV-2 контестіне тіркелу ашық!

CPFED Kaspi.kz DIV-2 контестіне тіркелу ашық!

27 қыркүйекте жаңа рейтингілік CPFED Kaspi.kz DIV-2 контесті өтеді!

📅 27 қыркүйек
🕛 12:00
⏱ Ұзақтығы: 2 сағат
💻 Формат: онлайн

Бұл — рейтингілік контест. CPFED платформасындағы рейтинг — қатысушының спорттық бағдарламалаудағы дағды деңгейін көрсететін сандық көрсеткіш.

Контестке қатысып, өз деңгейіңізді тексеріп, нәтижеңізді жақсартып, рейтингіңізді арттырыңыз!

🎁 Сонымен қатар, қатысушылардың бірі IOAI мерч жиынтығын сыйлық ретінде алады.

27 қыркүйек · 12:00 — кездескенше! 🚀

Тіркелу: https://cpfed.kz/contests/cpfed-kaspi-div-2-contest-2026/register

10.09.2026
CPFED Kaspi DIV-2: call for tasks

CPFED Kaspi.kz DIV-2 контестіне тапсырма авторларын іздейміз!

Жаңа рейтингілік CPFED Kaspi.kz DIV-2 раундына қызықты, ерекше әрі алуан түрлі алгоритмдік тапсырмалар дайындайтын авторларды шақырамыз.

Тапсырма авторларына арналған сыйақы:
Simple (800–1000) — 6 000 ₸
Easy (1000–1500) — 10 500 ₸
Easy–Medium (1500–1800) — 16 000 ₸
Medium (1800–2200) — 26 500 ₸
Medium–Hard (2200–2500) — 47 500 ₸

Тапсырмаға қойылатын талаптар:
Тапсырма шарты (қазақ немесе орыс тілінде);
Тапсырманың шешімі;
Тапсырманы дайындау кезінде пайдаланылған дереккөздерге сілтемелер (мақалалар, басқа тапсырмалар, платформалар және т.б.).

Тапсырмаларды қабылдау мерзімі: 20 қыркүйекке дейін.

Жақсы тапсырма идеяңыз болса — бізбен бөлісіңіз!

📩 Тапсырмаларды жіберу формасы: https://docs.google.com/forms/d/e/1FAIpQLScoQvAkobz4rgKkX6O-z3QAsvBrVHBxh8aaLP2s9_leRKecRA/viewform

Контестке тіркелу жақын арада ашылады 🔜

07.09.2026
Астанада 2026 жылғы Қазақстан Республикасының спорттық бағдарламалау чемпионаты аяқталды

22–23 тамызда Астанада Қазақстан Республикасының спорттық бағдарламалау бойынша төртінші чемпионаты өтті. Бұл — елдегі спорттық бағдарламалау бағытындағы басты ұлттық турнирлердің бірі.

Биыл чемпионатқа Қазақстанның барлық өңірлері мен қалаларынан 2 000-нан астам қатысушы қатысты. Іріктеу кезеңдерінің қорытындысы бойынша ең мықты 40 қатысушы финалға жолдама алып, чемпион атағы үшін Астанада бас қосты.

Чемпионатты Қазақстанның Спорттық бағдарламалау федерациясы ұйымдастырды. Федерация оқыту, жарыстар өткізу және кәсіби қауымдастық қалыптастыру арқылы спорттық бағдарламалауды дамытады. Сонымен қатар мектеп оқушыларына, информатика пәні мұғалімдеріне және ересектерге арналған оқу-жаттығу жиындары мен олимпиадаларды қоса алғанда, білім беру және халықаралық жобаларды жүзеге асырады.

Чемпионат жеңімпаздары

Финалдық жарыстың қорытындысы бойынша:

1-орын — Мансур Мамадахунов, Spectrum Astana мектебінің оқушысы — 2026 жылғы Қазақстанның спорттық бағдарламалау бойынша абсолютті чемпионы.

2-орын — Исатай Исмагзи, Жетісу БИЛ түлегі.

3-орын — Әлішер Еламан, Алматы қаласындағы РФММ оқушысы. Әлішер чемпионаттың ең жас қатысушысы — оған небәрі 14 жас.

Жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды:

  • 1-орын — 600 000 теңге
  • 2-орын — 400 000 теңге
  • 3-орын — 210 000 теңге

Абсолютті чемпионға кубок табысталды. Сонымен қатар 4–15 орын алған жүлдегерлерге, сондай-ақ өңірлер бойынша жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар берілді.



Өңірлердегі спорттық бағдарламалауды дамыту

Чемпионаттың негізгі мақсаттарының бірі — спорттық бағдарламалауды ірі қалалармен қатар Қазақстанның өңірлерінде де дамыту, сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпіріндегі жас бағдарламашыларға тең мүмкіндіктер жасау.

Чемпионатқа 14 жастан бастап кез келген адам қатыса алады.

«Төртінші чемпионат Қазақстанда спорттық бағдарламалау төңірегінде мықты қауымдастықтың қалыптасқанын көрсетеді. Бүгінгі қатысушылар — тек болашақ мықты бағдарламашылар ғана емес, сонымен қатар осы бағытты өздері дамытатын болашақ жаттықтырушылар, менторлар, серіктестер және ұйымдастырушылар. Біздің міндетіміз — бұл экожүйенің одан әрі дамуына жағдай жасау»,

Данабек Қалиаждаров, Қазақстанның Спорттық бағдарламалау федерациясының бас хатшысы.

Чемпионат серіктестері

Ұйымдастырушылар Федерацияның бас серіктесі — Kaspi.kz компаниясына, сондай-ақ чемпионатты өткізуге қолдау көрсетіп, алаң ұсынған Astana Hub және Alem.ai Foundation ұйымдарына ерекше алғыс білдіреді.

Қазақстан чемпионатының төртінші маусымы спорттық бағдарламалауға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын және оның Қазақстандағы IT құзыреттері мен таланттарды дамытудағы маңызды рөлін көрсетті. Турнир еліміздің үздік жас бағдарламашыларына өз білімін, ойлау жылдамдығын және күрделі есептерді шешу дағдыларын көрсетуге мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды.

24.08.2026
Тарихи жетістік: Даужан Бекетов IOAI 2026 олимпиадасының абсолюттік есептегі үздік үштігіне енді

Қазақстанның ұлттық құрамасы 2–8 тамыз аралығында Астанада өткен 3-ші Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадасында (International Olympiad in Artificial Intelligence, IOAI 2026) тарихи нәтижеге қол жеткізді.

Жеке сайыс қорытындысы бойынша қазақстандық оқушылар 8 медаль жеңіп алды: 2 алтын, 2 күміс және 4 қола. Осылайша, ұлттық құраманың барлық сегіз мүшесі олимпиаданың жүлдегері атанып, 100 пайыздық нәтиже көрсетті. Бейресми медальдық есепте Қазақстан құрамасы 6-шы орынға орналасты.

Ерекше жетістікке Даужан Бекетов қол жеткізді. Ол алтын медаль жеңіп алып, абсолюттік есеп бойынша әлемнің ең үздік үш қатысушысының қатарына еніп, 2-орынға ие болды. Осылайша, ол IOAI тарихында абсолюттік есептің жүлдегерлері қатарына енген алғашқы қазақстандық атанды.

Қазақстан құрамасының жүлдегерлері

Алтын медаль иегерлері

  • Даужан Бекетов (Алматы қаласы, №165 лицей) — алтын медаль және абсолюттік әлемдік есепте 2-орын;
  • Сұлтанби Исатай (Қарағанды облысы, Қарағанды қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі).

Күміс медаль иегерлері

  • Әбу Қанабек (Алматы қаласы, Республикалық физика-математика мектебі);
  • Әлем Аменов (Абай облысы, Семей қаласындағы «Білім-Инновация» лицейі).

Қола медаль иегерлері

  • Жәнібек Қасымхан (Жетісу облысы, Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі);
  • Улугбек Усманов (Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі);
  • Исламнұр Хұсаинов (Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі);
  • Дінмұхаммед Ынтықбай (Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі).

Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының бас хатшысы Данабек Қалиаждаров бұл жетістік мектеп оқушылары арасында спорттық бағдарламалау мен жасанды интеллектті дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың заңды нәтижесі екенін атап өтті.

«Бүгін біз оқушыларымыздың, жаттықтырушыларымыздың, тәлімгерлеріміздің және кезең-кезеңімен қалыптастырып келе жатқан тұтас экожүйенің жемісін көріп отырмыз. Осындай жоғары нәтижеге дәл өз елімізде өткен олимпиадада қол жеткізу – ерекше мәртебе. Біз үшін бұл сегіз медаль ғана емес, Қазақстанның бүгінде әлемнің ең үздік қатысушыларымен тең дәрежеде бәсекеге түсе алатын халықаралық деңгейдегі жас мамандарды даярлап отырғанының айқын дәлелі. Ұлттық құраманың әрбір мүшесін, олардың ата-аналарын, ұстаздары мен жаттықтырушыларын осы айтулы жетістікпен шын жүректен құттықтаймын»,

Данабек Қалиаждаров, Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының бас хатшысы.

Ұлттық құраманы даярлау Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының үйлестіруімен, Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Бір жыл бойы қатысушылар көпсатылы ұлттық іріктеуден өтіп, қарқынды оқу-жаттығу жиындарына қатысып, еліміздің жетекші жаттықтырушылары мен сарапшыларының жетекшілігімен жасанды интеллект бойынша арнайы дайындықтан өтті.

Ұлттық құраманың жоғары нәтижесі Қазақстанда жасанды интеллект саласындағы олимпиадалық қозғалысты дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қазақстандық оқушылардың жетістігі еліміздегі даярлық деңгейінің жоғары екенін көрсетіп, Қазақстанның AI-білім беру мен дарынды жастарды қолдау бағытындағы әлемдік көшбасшылар қатарындағы орнын одан әрі нығайта түсті.

Бұл жетістік ұлттық құраманың ғана емес, Қазақстанда өткен 3-ші Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасының да маңызды қорытындысына айналды. Өз жерімізде өткен олимпиада Қазақстанның қазіргі заманның ең перспективалы бағыттарының бірі – жасанды интеллект саласында әлемнің ең үздік мектеп оқушыларымен табысты бәсекеге түсе алатын жас буынды даярлауға толық қабілетті екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

IOAI 2026 серіктестері:

Жергілікті серіктестер: Kaspi.kz, Freedom Holding Corp., Astana Hub, Documentolog, Higgsfield AI.

Жаһандық серіктестер: IMC, Jane Street, Google, Huawei, Galbot, HRT, Mohamed bin Zayed University of Artificial Intelligence, DeepInfra.

11.08.2026
Астанада 3-ші Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадасы – IOAI 2026 өз мәресіне жетті

Қазақстан астанасында мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект саласындағы әлемдегі ең ірі жарыстардың бірі – 3-ші Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадасы (International Olympiad in Artificial Intelligence, IOAI 2026) өз мәресіне жетті. Осындай деңгейдегі олимпиада тарихта алғаш рет Орталық Азияда өтіп, әлемнің түкпір-түкпірінен келген жас зерттеушілерді, ғалымдар мен сарапшыларды бір алаңға тоғыстырды.

2–8 тамыз аралығында Астана 106 елден келген 500-ге жуық қатысушыны, команда жетекшілерін және қазылар алқасының мүшелерін қабылдады. Бір апта бойы мектеп оқушылары машиналық оқыту, компьютерлік көру, табиғи тілді өңдеу және жасанды интеллекттің өзге де бағыттары бойынша практикалық тапсырмаларды орындап, білім беру, ғылыми және мәдени бағдарламаларға қатысты.

Олимпиаданың маңызды кезеңдерінің бірі Team Challenge болды. Оның аясында халықаралық командалар жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, тәжірибелік міндетті бірлесіп шешті.

IOAI 2026 Қазақстанда осы уақытқа дейін ұйымдастырылған жасанды интеллект саласындағы ең ауқымды халықаралық білім беру іс-шарасына айналды. Олимпиаданы дайындау небәрі бірнеше айға созылып, Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясын, мемлекеттік органдарды, халықаралық ұйымдастыру комитетін, серіктестерді, қазылар алқасының мүшелерін, сарапшыларды, жүздеген еріктіні және ұйымдастыру командасын біріктірді. Ортақ күш-жігердің нәтижесінде жарыс халықаралық стандарттарға толық сәйкес өткізілді.

«100-ден астам ел мен 500-ге жуық қатысушы – бүгінде жасанды интеллект саласындағы таланттар үшін бәсекенің қаншалықты жаһандық сипат алғанының айқын көрсеткіші. Біз үшін мұндай деңгейдегі халықаралық жасанды интеллект олимпиадасының алғаш рет Қазақстанда өткені және қазақстандық оқушының абсолютті жеңімпаздар үштігіне еніп, екінші орын алуы ерекше маңызды. Біз елімізде қажетті экожүйені жүйелі түрде қалыптастырып келеміз: есептеу инфрақұрылымын дамытып, Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығын құрып, жаңа буын мамандарын даярлауға инвестиция салудамыз. Біздің мақсатымыз – жас қазақстандықтардың жасанды интеллект технологияларын тек тұтынушы емес, оны өздері жасап, әлемнің үздік мамандарымен тең дәрежеде бәсекеге түсе алатын деңгейге жетуі»,

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Жеке турдың қорытындысы бойынша 3-ші Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадасының абсолютті жеңімпаздары:

1-орын – Артем Горохов (Ресей);
2-орын – Даужан Бекетов (Қазақстан);
3-орын – Шао Цзыси (Қытай).

Team Challenge нәтижесі бойынша арнайы номинациялармен марапатталған командалар:

  • Best Demonstration Award – роботтар арасындағы жарыстағы үздік көрсетілімі үшін Жаңа Зеландия құрамасы;
  • Creative Robot Design Award – роботтың ең креативті дизайны үшін Гонконг құрамасы;
  • AI-Native Robotics Award – робот техникасында AI-native тәсілдерін ең тиімді қолданғаны үшін Бразилия құрамасы.

Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының басшысы Бағдат Мусин олимпиаданы ұйымдастыру мен өткізуге атсалысқан барлық азаматтарға алғыс білдірді.

«Бар болғаны төрт айдың ішінде біз әлемдік деңгейдегі олимпиаданы дайындап, табысты өткіздік. Бұл Мемлекет басшысының қолдауының, мемлекеттік органдардың, халықаралық серіктестердің, қазылар алқасының, команда жетекшілерінің, еріктілердің және бүкіл ұйымдастыру командасының бірлескен еңбегінің арқасында мүмкін болды. Осы үлкен оқиғаның бір бөлігі болған әрбір жанға шынайы ризашылығымды білдіремін. Біз тек жарыс алаңын ғана емес, халықаралық AI қауымдастығы қалыптасатын, жаңа идеялар, достық пен болашақ бірлескен жобалар дүниеге келетін кеңістік құруға ұмтылдық»,

Бағдат Мусин, Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының басшысы.

Жарыс бағдарламасынан бөлек, қатысушылар Қазақстанның заманауи инфрақұрылымымен танысып, Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында болды, мәдени іс-шараларға қатысып, әртүрлі елдерден келген құрдастарымен кәсіби әрі достық байланыс орнатты.

IOAI 2026-ның Қазақстанда өтуі жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңызды кезеңіне айналып, еліміздің әлемдік деңгейдегі ірі білім беру және технологиялық іс-шараларды қабылдауға дайын екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Олимпиаданың басты нәтижесі қатысушылардың жоғары жетістіктерімен ғана емес, жас зерттеушілердің халықаралық ынтымақтастығы үшін берік негіздің қалануымен де ерекшеленді. Дәл осы оқушылар алдағы жылдары жасанды интеллекттің дамуына ықпал етіп, жаңа технологияларды жасап, әлемдік цифрлық экономиканың болашағын қалыптастыратын болады.

IOAI 2026 серіктестері:

Жергілікті серіктестер: Kaspi.kz, Freedom Holding Corp., Astana Hub, Documentolog, Higgsfield AI.

Жаһандық серіктестер: IMC, Jane Street, Google, Huawei, Galbot, HRT, Mohamed bin Zayed University of Artificial Intelligence, DeepInfra.

11.08.2026
Астанада Жасанды интеллект бойынша 3-ші халықаралық олимпиада – IOAI 2026 басталды

Астанада Жасанды интеллект бойынша 3-ші халықаралық олимпиада – IOAI 2026 басталды

3 тамызда Астанада жасанды интеллект бойынша 3-ші халықаралық олимпиада – IOAI 2026-ның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қазақстан астанасы бір аптаға дарынды оқушылар, жетекші сарапшылар және әлемдік технология индустриясының өкілдері бас қосатын алаңға айналды.

Олимпиаданы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ашты. Ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Роман Скляр, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, IOAI Халықаралық кеңесінің тең құрылтайшысы әрі төрағасы Елена Маринова және Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының басшысы Бағдат Мусин қатысты.

Рәсімге IOAI 2026 қатысушылары, команда жетекшілері, байқаушылар және халықаралық олимпиада қоғамдастығының өкілдері қатысты. Биылғы жарыс 106 ел мен аумақтан келген 500-ге жуық қатысушыны біріктірді. Астана зерттеушілердің, инженерлер мен технология жасаушылардың жаңа буыны бас қосқан орынға айналды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының IOAI 2026 олимпиадасына жеке қолдау білдіріп, қатысушылармен бірге осы маңызды сәтке ортақтасуы – біз үшін үлкен мәртебе. Әлемнің түкпір-түкпірінен Астанаға келген оқушылар үшін бұл – олардың білімі, идеялары және жаңалық жасауға деген ұмтылысы шын мәнінде маңызды екенінің айқын белгісі. Бүгін мұнда жай ғана дарынды балалар емес, жасанды интеллектінің болашағын айқындайтын буын жиналды. Біз олимпиаданың олардың өз қабілетін танытуына ғана емес, достар мен пікірлестер табуына, жаңа тәжірибе жинақтап, өз күшіне деген сенімін нығайтуына мүмкіндік бергенін қалаймыз»,

Багдат Мусин, Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының басшысы.

Қатысушылармен өз тәжірибесімен және жасанды интеллектінің болашағына қатысты пайымымен бөліскендер:

  • Михаил Ломтадзе, Kaspi.kz-тің тең құрылтайшысы әрі бас атқарушы директоры;
  • Тимур Турлов, Freedom Holding Corp. компаниясының негізін қалаушысы әрі бас атқарушы директоры;
  • доктор Кай-Фу Ли, Sinovation Ventures төрағасы және бас атқарушы директоры, Sinovation Ventures Жасанды интеллект институтының президенті, Google China компаниясының бұрынғы президенті.

Шақырылған сарапшылардың баяндамалары рәсімнің негізгі бөлімдерінің біріне айналды. Спикерлер жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы, іргелі білімнің маңызы, эксперимент жасауға дайындық және жаңа буын әзірлеушілерінің жауапкершілігі туралы айтты.

Еске сала кетейік, Жасанды интеллект бойынша 3-ші халықаралық олимпиада – IOAI 2026 Астанада 2–8 тамыз аралығында өтіп жатыр. Қатысушылар машиналық оқыту, компьютерлік көру, табиғи тілді өңдеу және жасанды интеллектінің басқа да бағыттары бойынша тапсырмалар орындайды.

Олимпиада бағдарламасына жекелей санатта екі тур, командалық сайыс, білім беру кездесулері, халықаралық пікірталастар және мәдени іс-шаралар кіреді.

Қазақстанда IOAI 2026 олимпиадасының өткізілуі елдің цифрлық білім беруді дамытуға, дарынды жастарды қолдауға және жасанды интеллект саласындағы жаһандық күн тәртібін қалыптастыруға атсалысуға деген ұмтылысын көрсетеді.

Олимпиаданы Қазақстанда Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясы (CPFED) ұйымдастырады.

11.08.2026
ACTSxCPFED 2026 халықаралық оқу-жаттығу жиыны өз мәресіне жетті

ACTSxCPFED 2026 халықаралық оқу-жаттығу жиыны өз мәресіне жетті

2026 жылғы 3–15 шілде аралығында Astana IT University базасында ұлттық IOI құрамалары мен Қазақстанның информатикадан үздік мектеп оқушыларына арналған үшінші халықаралық ACTSxCPFED оқу-жаттығу жиыны өтті.

Биылғы жиын әртүрлі елдердің ұлттық құрамаларын және информатика пәні бойынша республикалық олимпиада мен іріктеу кезеңінің нәтижелері бойынша анықталған 9–10 сыныптар арасындағы Қазақстанның үздік 20 оқушысын бір алаңда біріктірді.

Екі аптаға жуық уақыт ішінде қатысушылар халықаралық олимпиадаларға қарқынды дайындалып, дәрістерге қатысып, оқу контесттерінде бақ сынады, тәжірибе алмасып, кәсіби байланыстарын кеңейтті.

ACTSxCPFED 2026 оқу-жаттығу жиынының өткізілуіне қолдау көрсеткен серіктестеріміз бен демеушілеріміз — JetBrains Foundation, Neapolis University Pafos және Constructor University ұйымдарына шынайы алғысымызды білдіреміз.

Келесі ACTSxCPFED жиынында кездескенше!

26.07.2026
/10
Нәтижелер: 100