• slide
  • slide

Жоба мәліметтері

Федерация Қазақстанның кем дегенде үш аймағында көзбе-көз форматта Халықаралық бағдарламалау чемпионатының (ICPC) ширек финалын өткізуді жоспарлайды. Бұл жобаның мақсаты – Қазақстан университеттерінің осы беделді жарысқа көптеп қатысуына мүмкіндік жасау.


ICPC – әлемнің 110 еліндегі ең мықты жоғары оқу орындарын біріктіретін ең ірі студенттік командалық бағдарламалау олимпиадасы. ICPC жарысына Стэнфорд университеті, Гарвард университеті, Калифорния технологиялық институты, Массачусетс технологиялық институты, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Варшава университеті, Ватерлоо университеті және басқа да көптеген атақты университеттер қатысады.

ICPC жарысы жыл сайын Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылар санынан да асып түсетін қатысушылардың ауқымды санын тартады. Мысалы, 2017 жылы ICPC жарысына 103 елден 46 381 адам қатысса, Рио-де-Жанейрода өткен жазғы Олимпиада ойындарының барлық кезеңдеріне 11 544 спортшы қатысты.


ICPC жарысына қатысу қатысушылардың алдынан мынадай перспективаларды ашады:

  • Мансап мүмкіндіктері

    ICPC жарысына қатысу талантты спорттық бағдарламашыларды іздейтін әлемнің жетекші IT компанияларының назарын аударады. ICPC жеңімпаздары мен жүлдегерлері индустрияда бедел мен жоғары бағаға ие болады. Мұндай жарыстарда табысқа жету көптеген мансаптық мүмкіндіктерге, соның ішінде ірі IT компанияларында жұмыс істеу, жоғары басшылық лауазымдарды атқару, тіпті университеттерде бағдарламалаудан сабақ беру сияқты мүмкіндіктерге жол ашады.

  • Жеке машықтарды дамыту

    ICPC жарысына қатысу бағдарламалау машықтарын ғана емес, талдамалық ойлау, мәселелерді шешу, командалық жұмыс және уақытты басқару сияқты басқа да маңызды машықтарды дамытады. Бұл машықтар қызметтің кез келген саласында құнды және кәсіби мансапта да, күнделікті өмірде де пайдалы болуы мүмкін.


Қазақстанда ICPC ширек финалын өткізу мынадай артықшылықтарды береді:

  • Спорттық бағдарламалауды насихаттау

    Жарыстар студенттер арасында бағдарламалауға қызығушылықтың дамуына және арта түсуіне септігін тигізеді.

  • Ел ішінде іріктеу

    Университеттер арасындағы бәсеке Қазақстанды халықаралық деңгейде танытуға лайықты үздік командаларды анықтауға көмектеседі.

  • Халықаралық финалға дайындалу

    ICPC ширек финалы жоғары нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндігін арттыратын мықты командаларды қалыптастырудың бастапқы нүктесі болады.


Қазақстандағы ICPC ширек финалы чемпионатты өткізудегі маңызды кезең болып табылады, ол спорттық бағдарламалауды дамытуға, талантты студенттерді анықтауға және елді халықаралық аренада одан әрі таныту үшін мықты командаларды қалыптастыруға көмектеседі.