Kaspi.kz Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының бас демеушісі атанды
Kaspi.kz пен Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясы (CPFED) елімізде спорттық бағдарламалауды дамыту мен танымал етуге бағытталған демеушілік қолдау туралы келісімге қол қойды.
Келісім аясында Kaspi.kz Федерацияның негізгі бастамаларына, соның ішінде республикалық және халықаралық жарыстарды, оқушыларға, студенттер мен ересектерге арналған білім беру іс-шараларын өткізуге қаржылай қолдау көрсетеді. Бұл ынтымақтастық спорттық бағдарламалауға қолжетімділікті арттырып, осы салаға қызығушылық танытқан қазақстандықтар үшін жаңа мүмкіндіктердің бастауы болмақ.
Спорттық бағдарламалау — бұл IT, білім, ғылым мен спортты біріктіретін бірегей сала. Ол алгоритмдік ойлау мен стандартты емес тапсырмаларды бағдарламалау тілдері арқылы шешу дағдыларын дамытады.
Kaspi.kz компаниясының басшысы және негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе:
«Kaspi.kz-тің миссиясы — адамдардың өмірін жақсартатын инновациялық сервистер жасау. Біз қазақстандық дарындардың қабілетін ашуға, сүйікті ісімен айналысуына және еліміздің абыройын арттыруға көмектесетін жобаларды қолдауға қуаныштымыз. Бірнеше жылдан бері бізде деректер аналитиктері мен бағдарламашыларды оқытатын Kaspi LAB жобасы бар. Киберқауіпсіздік бойынша жарыстарды қолдаймыз. Енді спорттық бағдарламалау федерациясының демеушісі болғанымызға қуаныштымыз. Барлық спортшы-бағдарламашыларға табыс тілеймін – Қазақстанның атын әлемдік аренада асқақтата беріңіздер!»
Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының басшысы Бағдат Мусин:
«Бизнес тарапынан қолдау — жастарға берілген маңызды белгі. Бұл олардың білімін, табандылығын және дамуға ұмтылысын қоғам бағалап, қолдайтынын білдіреді. Біз Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі балаларға өз мүмкіндіктерін ашуға, IT саласына қадам басуға және ел болашағының бір бөлшегіне айналуға жағдай жасаймыз. Біз үшін Kaspi.kz сынды еліміздегі ең ірі технологиялық компаниялардың бірімен ынтымақтастық орнауы ерекше мәнге ие. Федерация бүгіннің өзінде спорттық бағдарламалауды белсенді түрде дамытып жатыр: біз республикалық және халықаралық жарыстар, оқу-жаттығу жиындары мен білім беру бағдарламаларын ұйымдастырамыз. Kaspi.kz-пен бірге жастар үшін ауқымды әрі маңызы зор жобаларды жүзеге асыра аламыз. Біз ақыл-ой басты ресурс саналатын экожүйе құрып жатырмыз — бұл елдің өсуі мен өркендеуі үшін аса маңызды.»
CPFED — Қазақстандағы спорттық бағдарламалаудың локомотиві. Федерацияның басты мақсаты — спорттық бағдарламалауды кеңінен насихаттау, оны қоғамға жақын ету және халықаралық пен республикалық жарыстарда қазақстандық қатысушылардың нәтижелерін арттыру.
Kaspi.kz-пен ынтымақтастық бұл бағытты жаңа деңгейге көтеріп, спорттық бағдарламалау экожүйесіне оқушыларды, студенттерді және басқа да азаматтарды кеңінен тартуға мүмкіндік береді.