
1-7 наурыз аралығында Семей қаласында 7–8 сыныптың 40 үздік оқушысына арналған бағдарламалау бойынша оқу-жаттығу жиындары өтті. Іс-шараны Спорттық бағдарламалау федерациясы Білім басқармасымен, Alikhan Bokeihan University және Abai IT Valley-мен бірлесіп ұйымдастырды.
Оқушылар C++ тілінде бағдарламалаудың негіздерін меңгеріп, алгоритмдік ойлау дағдыларын дамытты. Сабақты Назарбаев Университетінің студенті, олимпиада жүлдегері Ален Алымжан жүргізді. Қатысушылар Google сұхбаттарында кездесетін базалық есептерді шешіп, IT саласына алғашқы қадамдарын жасады.
Жиын барысында оқушылар IT саласының мамандарымен кездесті. Abai IT Valley директоры Наурызбаев Бауыржан және Абай облысының Цифрлық технологиялар басқармасының өкілі Абимуратов Алдияр өңірдегі цифрландырудың даму бағыты туралы айтты.
Жиын достық шай ішуімен аяқталып, қатысушылар жаңа таныстықтар орнатты. Бұл – болашаққа жасалған инвестиция. Оқушылардың бірі Google секілді ірі технологиялық компанияларда жұмыс істейтін болашақ маман атануы мүмкін.