Египет төрінде алты отандық командамыз бақ сынайды. Олар бүгін спорттық бағдарламалау бойынша 2022 және 2023 жылғы әлем чемпионатының қос финалында өнер көрсетеді. Біздің еліміздің атынан ішкі іріктеу кезеңдерінің қорытындысы бойынша, үздік шыққан ЖОО студенттері жүлдеге таласады.

ICPC World Finals 2022 финалына Алматы қаласынан Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (International IT University) мен Astana IT Университеті қатысады. Ал 2023 жылдың финалында 4 бірдей команда бақ сынамақ. Олар: Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, (Алматы қ), Astana IT Университеті, Қазақ-Британ Техникалық Университеті (Алматы қ.), Назарбаев Университеті (Астана қ.). Әр құрама сапында 3 қатысушы мен бапкер бар.

Сондай-ақ, Барселона халықаралық университеті - Harbour Space University сапында отандық мықты бағдарламаушы, халықаралық жарыстардың жеңімпазы - Батыр Сардарбеков жүлдеге таласпақ.

The International Collegiate Programming Contest (ICPC) – бұл 1970 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бағдарламалау бойынша студенттер арасындағы командалық әлем чемпионаты. Қатысушылар үшін жарыстағы басты мақсат – алгоритмдік тапсырмаларды кодтың көмегімен шектеулі уақыт аралығында тез әрі қатесіз шешу. ICPC жарысына жыл сайын 6 құрлықтан 110 мемлекет және 59 000 қатысушы қатысады. ICPC финалистері әлемдегі алпауыт IT компанияларынан шақырту алады.

Қазақстандағы спорттық бағдарламалау Федерациясының бас демеушісі - Freedom Holding Corp. және «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры.